• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Наурыз, 2018

Сәкен Қаныбеков: Мақта шаруашылығы айрықша назарды қажет етеді

1357 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаң­ғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жол­дауында елі­міздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін эко­номикалық өсудің жаңа моделін құру міндетін алға қойды.

Осы тапсырмаға сәйкес аграрлық сек­тор экономиканың аса маңызды драй­верінің бірі болуға тиіс. Қазақ­стан­ның агроөнеркәсіптік кешенінің бо­лашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлем­дегі ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз.

2016 жылдың қазанында біз Премьер-Министрдің атына мақта саласына қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Осы тақы­рып­тың өзектілігі мен бұл саладағы шешілмеген проб­лемаларға байланысты мәселеге қай­та­дан оралып отырмыз.

Мақта шаруашылығы Қазақстанның экономикасында ерекше орын алады. Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл­дық жерлерінің 500 мыңға жуық тұр­ғыны осы салада жұмыс істейді. Ха­лық­тың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы мен әл-ауқаты көбінесе, мақта шаруа­шы­лы­ғы­ның тиімділігіне байланысты. Мақта өн­діру бүгінгі таңда нарықтық емес, әлеуметтік мәселеге айналды.

Мысалы, 10 жыл бұрын шикі мақтаны жинау 460 мың тонна, ал егістік алаңы 200 мың гектарды құрады, бұл кеңестік кезең көрсеткішінен 60 %-ға жоғары. Экспорт 147 млн долларды құрады. Өндірістің өсуіне екі негізгі фактор әсер етті: біріншіден: кә­сіп­керлер мақта талшығын экспорттау ка­налын ұйым­дастырды, екіншіден, ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілеріне фьючерс схемасы ұсынылып, ол үшін кредит тартылды. Мақта зауыттары саланың негізгі инвесторлары болды. Мәселен 2004-2007 жылдары мақта шаруашылығына салынған жекеменшік инвестиция көлемі 6 млрд теңгеден асты, бұл саланың өркендеуіне ықпал етті.

Қазіргі уақытта, егістік алаңдары жар­тысына дейін қысқарып, тұқымдық мате­ри­алдың сапасыз болуы салдарынан мақтаның сапасы нашарлап кетті. Бұл, бірінші кезекте, 2007 жылы мақта қолхаттары жүйесінің енгізілуіне байланысты болды, ол тиімсіз болып, қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін бұзды, сайып келгенде саланың құлдырауына әкеп соқты. Екіншіден, нарықтағы бүкіл ойыншы қаражатты долларлық баламада тартты, алайда доллар курсының күрт өзгеруіне байланысты, қаражат тарту мүмкін болмады, мемлекеттің субсидия түріндегі әрекеті де көмектеспеді.

Осыған байланысты біз Премьер-Ми­ни­стрдің орынбасары – Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына де­путаттық сауал жолдап, бұл мәселе бойын­ша шұғыл шаралар қабылдайтын кез келгенін айттық. Өйткені саланың то­қырауы ха­лықтың әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағ­дайына кері әсерін тигі­зуі мүмкін.

Мақта шаруашылығының әлі күнге дейін әлеуеті зор. Мемлекеттік органдар, жер­гілікті атқарушы органдар мен бизнес-қауым­дастықтар мақсатқа сай жұмыс істесе, мақта ша­руа­шы­лығы экономиканың рента­бельдігі жо­ға­ры секто­ры болуы мүмкін. Осы ай­тыл­ғандарға бай­ланысты және еліміз үшін ма­қ­та саласының әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық маңыздылығын ескере отырып, сон­дай-ақ инвестициялар тартуға жағдай жа­сау мақсатында төмендегі шараларды қабылдау сұралды:

1. Мүдделі мемлекеттік және жер­гілікті ат­қарушы органдар мақта на­ры­ғына қа­ты­сушылармен бірлесіп, проблемалы мәсе­ле­лерді қарауы қажет.

2. Мақта саласын қаржыландыру үшін қаражат тартудың күрделілігін ескере оты­­рып, заем негізде ұзақ мерзімді қар­жы­­лан­дырудың баламалы тетіктерін (екін­ші дең­гейлі банктерден басқа) қа­рас­тыру ма­ңызды.

3. Сапалы тұқымдық материалды алу­дың өзектілігін ескере отырып, осы мә­селені шешу жолдарын қарастыру керек.

 

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты